«Ақтөбе қаласы М.Құрманғалиева атындағы №32 ЖББО мектеп-гимназиясы» ММ
0
Қамқоршылық кеңесі жиналысының №3 ХАТТАМАСЫ

 М. Құрманғалиева атындағы

№32 мектеп-гимназиясында өткен

мектепішілік  қамқоршылық кеңесі жиналысының

 

№3  ХАТТАМАСЫ

 

Күні: 6  қаңтар  2018 жыл                                                                 

 

Жиналыстың  баяндамашылары:

                         Алишева Баян Каналиевна , қамқоршылық кеңесінің төрайымы

                         Мендиярова  Әсем Танабаевна , мектеп дәрігері

                         Болатбаева Мөлдір Жанібекқызы , мектеп инспекторы

Жиналыс хатшысы:

                                     Жаңагүл Жүрсін

қатысушылар:          қамқоршылық кеңесінің мүшелері

қатыспағандар:         жоқ

                           

 

                                   КҮН  ТӘРТІБІ

-Мектеп формасының сақталуы

- Екпе алмай жүрген балалардың ата-аналарымен жұмыс

-Оқушылар арасында діни экстремизмнің алдын алу жолдары

 

 

                                   НЕГІЗГІ  БӨЛІМ

  • Мектеп формасының сақталуы

Қамқоршылық кеңесінде көтерілген мәселелердің бірі мектеп формасының сақталуы болды. Бұл туралы баяндама жасаған кеңес төрайымы Баян Әлішева ата-аналар  есіне  Қазақстанда мектеп формасына қойылатын талаптарды салып өтті.

 

-Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 14 қаңтардағы № 26 бұйрығына сәйкес аталған талаптар «білім берудің зайырлы сипатын іске асыруға және орта білім беру ұйымдары білім алушыларының арасында әлеуметтік, мүліктік және басқа да өзгешеліктердің белгілерін жоюға бағытталған».
«Мектеп формасының үлгісі, түсі классикалық стильде, бірыңғай түс гаммасында жасалады, үшеуден асырмай түстерді араластыруға рұқсат етіледі. Мектеп формасының түсі қалыпты және ашық емес түстерден таңдалады. Мектеп формасы білім алушылардың жас ерекшеліктеріне қарай енгізіліп, күнделікті, мерекелік және спорттық болып бөлінеді», - делінген құжатта.

«Мектеп формасына түрлі діни конфессияларға қатысты киім элементтерін қосуға болмайды. Ата-аналар және өзге  заңды өкілдер  білім алушылардың орта білім беру ұйымында белгіленген мектеп формасын киюіне жауап береді»-делінген.

Ұлдардың мектеп формасы: пиджак, жилет, шалбар, мерекелік жейде, күнделікті жейде (қысқы мезгілде: трикотаж жилет, водолазка). Ұлдарға арналған шалбарлар еркін тігілген және ұзындығы бойынша тобықты жауып тұрады.

Қыздардың мектеп формасы: пиджак, жилет, юбка, шалбар, классикалық жейде (қысқы уақытта: трикотаж жилет, сарафан, водолазка). Қыздарға арналған шалбарлар еркін тігілген және ұзындығы бойынша тобықты жауып тұрады.

Ұлдардың мерекелік формасы күнделікті формаға қосымша ақ жейдеден, қыздар үшін ақ түсті блузкадан құралады.

Мектеп формасына классикалық пішіндегі мектеп формасының негізгі түсіне сәйкес немесе кереғар келетін галстук тігіледі.

Мектеп формасына түрлі конфессияларға қатысты киім элементтерін қосуға болмайды, - деді Баян Әлішева.

 

 М. Құрманғалиева атындағы №32 мектеп-гимназиясында      мектеп формасының түсі, фасоны және юбканың ұзындығы жалпымектептік ата-аналар жиналысының хаттамасымен бекітілген.Және жалпымектептік ата-аналар жиналысында ата-аналарға таныстырылып, көпшіліктің қолдауына ие болған. Сондықтан мектеп формасының сақталуына әрдайым үлкен мән берілетін болады. М.Құрманғалиева атындағы №32 мектеп-гимназиясында мектеп формасын сақтамай, сабаққа орамал тағып келетін оқушылар жоқ.

 

  • Бұйрыққа сәйкес ата-аналар мен өзге де заңды өкілдер мектеп формасы туралы мәселелерді талқылауға қатысады және оны жетілдіру бойынша ұсыныс енгізеді, оны кез келген сауда желісінен сатып алады.

 

  • Екпе алмай жүрген балалардың ата-аналарымен жұмыс

М.Құрманғалиева атындағы №32 мектеп-гимназия дәрігері  Әсем Меңдиярованың баяндауынша, мектеп оқушылары арасында екпе алмай жүрген 4 оқушы бар. Олар:  1 «г» сыныбының оқушысы Дүйсенғали Салих, 1 «б» сыныбының оқушысы Кеңес Жамаладин, 1 «б» сыныбының оқушысы Ізберген Әмина және 1 «а» сыныбының оқушысы Мұрат Раяна.

Әсем Меңдиярованың сөзіне қарағанда, бұл оқушылардың ата-аналарымен  мектеп әкімшілігі бірнеше мәрте әңгімелесіп, екпенің пайдасы туралы айтқан. Вакцинадан бас тартпауға шақырған. Мектепте бұл балалардың ата-аналары жазып берген түсініктемелер де бар. Онда Дүйсенғали Салих, Кеңес Жамаладин мен Ізберген Әминаның ата-ансы діни көзқарастарына орай екпеден бас тартатындарын мәлімдейді. Ал Мұрат Раянаның ата-анасы қыздарының  денсаулық жағдайына байланысты уақытша екпе қабылдай алмайтындарын айтқан.

-Ата-аналар қарақшылық жолмен шекара асып келген түрлі дискілерді көріп, екпе жөнінде теріс ақпараттың жетегіне еріп жүр. Елімізде инфекциялық ауруларға қарсы алғашқы вакцинация бала дүниеге келген соң төрт күн ішінде салынады. Бұл туберкулез бен «В» вирусты гепатитіне қарсы егіледі. Ал, бала екі, үш, төрт айға толғанда «В» вирусты гепатитіне, полиомиелит, көкжөтел, дифтерия, сіреспе, гемофильді инфекцияға қарсы салынады. Мәселен, соңғы 20 жыл ішінде қызамықпен ауыру 291 есеге, көкжөтел – 21 есеге, дифтерия – 96 есеге, эпидемиялық паротит – 122 есеге төмендеген. Сондай-ақ, екпе егу басталғанға дейінгі уақытпен салыстырғанда балалар арасындағы «В» вирустық гепатитімен ауыру 137 есе азайды. Осы секілді ақпараттар  ата-аналарға  кең насихатталуы қажет. Бүгінгі таңда әр елдің балаларға, ересек адамдарға арналған вакцина салудың өзіндік ережелері бар. Қазақстан 1995 жылдан бастап 2008 жылдың ортасына дейін сол кестемен жұмыс жасап келді. 2008 жылдан бері Үкімет қаулысы бойынша ұлттық кестеге қосымша вакциналар енгізілді. Вакцинацияның көмегімен түрлі инфекциялардан болатын ауруларды барынша қысқартуға, тіпті ауруды жоюға да болатынын көріп отырмыз. Полиомиелит, дифтерия, қызылша секілді көптеген инфекциялардың таралуы осыған дейін әлемдік медицинада үлкен мәселе болып келген еді. Бүгінде екпе бұл мәселені толығымен шешті-деді мектеп дәрігері  Әсем Меңдиярова.

Қамқоршылық кеңесі  ата-аналар арасында екпенің пайдасы туралы насихат жұмыстарын көбейтіп, оны түрлі форматта өткізу туралы  шешім қабылдады.

 

  • Діни экстремизмнің алдын алу жолдары

Қамқоршылық кеңесінің жиналысында діни экстремизмнің алдын алу мәселелері туралы да айтылды. Өйткені, дін-адамзаттың рухани мәдениетінің маңызды бөлшегі. Ал отбасындағы тәлім-тәрбие баланың діни көзқарасына да әсер етпей қоймасы анық.

-Бала болашақта экстремистердің  сойылын соғып кетпес үшін діннен адамдар арасындағы рухани байланысты, ұлтаралық келісім мен қоғамның беріктігін, адами құндылықты, салт – дәстүрді сақтаудың ең жақсы мүмкіндігін көре білуіміз қажет. Ұлттық мәселелердің дұрыс шешілуі Қазақстанның халықаралық қауымдастықта лайық орынға ие болуына, әлемдік өркениеттің горизонттарынан орын алуға мүмкіндік береді-деді мектеп инспекторы Мөлдір Болатбаева.

 Ата-аналарға бала құқын сыйлау, оларға ересектердің діни көзқарасын күштеп таңбауы керектігі туралы да айтты.

 

Жиналыста сөйлеушілер:

Қамқоршылық кеңесінің  жиналысында  1 «Б» сыныбының оқушысы Райымханова Айшаның анасы Торжымбаева Баян Ергалиевна сөз алды.

 

-Біз балаларымыздың зайырлы қоғамның білімді әрі білікті мүшесі болғанын қалаймыз. Сол үшін балаларымыз  медресе емес, орта білім беретін мектепте  оқып  жүр. Өз басым ана ретінде баламның денсаулығы үшін де қатты алаңдаймын. Екпе алмаған балалардың ертеңгі күні жұқпалы ауруға шалдығып, оны мектептегі өзге балаларға жұқтырмасына ешкім де кепілдік бере алмайды.  Сондықтан екпе алмай жүрген балалардың проблемасы автоматты түрде менің де проблемама айналып отыр - деді ол.

 

 

Пікір айтушылар:

 

Жиналыста екпе алмай жүрген балалардың ата-аналарымен жұмыс,оқушылар арасында діни экстремизмнің алдын алу жолдары мен мектеп формасының сақталуына байланысты  мәселелерге қарсылық білдіріп, пікір айтушылар болған жоқ.

 

Қабылданған қаулы:

 

  • Мектеп жарғысына және мектептің ішкі тәртіп ережесіне енгізілген өзгертулерге сәйкес мектеп формасы сақталуы қадағалансын.
  • Екпе алмай жүрген балалардың ата-аналарымен жұмыс күшейтілсін.
  • Оқушылар арасында діни экстремизмнің алдын алу үшін мектеп әкімшілігімен бірлесе, түрлі форматтағы іс-шаралар өткізілсін.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Жиналыс төрайымы:                                              Алишева  Б.К.

 

 

 

Жиналыс хатшысы :                                              Жүрсін Ж.